Menu HELPDESK

«ХХІ ғасыр музыкасындағы қолданбалы және іргелі зерттеулер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы

2016 жылдың 15 желтоқсанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ХХІ ғасыр музыкасындағы қолданбалы және іргелі зерттеулер»  атты ғылыми-тәжірибелік конференция үлкен жетістікпен өткізілді.

Конференцияға 82 адам қатысуға өтініш білдірді. Олардың арасында – Құрманғазы атындағы (Алматы қ.), П.Чайковский атындағы (Мәскеу), Әзірбайжан (Баку) консерваториялары, ҚазҰӨУ (Астана қ.), К.Байсейітова атындағы РМММИ, Құрманғазы атындағы (Орал қ.) және П.Чайковский атындағы (Алматы қ.) музыка колледждері, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,  Белград қ. Өнер университеті (Сербия), Лион қ. ағайынды Льюмер атындағы өнер университеті, Красноярск мемлекеттік өнер университеті (Ресей), Қазан федералдық университеті (Ресей).

Бейресми және қызықты пікірталас түрінде өткен пленарлық мәжілісте конференцияның құрметті қонақтары өнертану ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы Өнер және әдебиет институтының профессоры Сара Күзембай (Алматы, Қазақстан), беделді музыкалық сыншы  Вадим Журавлев (Мәскеу, Ресей), Мәскеу консерваториясының профессоры, орындаушы-зерттеуші Сергей Никешичев (Мәскеу, Ресей), Әзірбайжан университетінің доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты, орындаушы-зерттеуші Фазаил Оруджов (Баку, Әзірбайжан), өнертану ғылымдарының кандидаты  Пернебек Шегебаев баяндама жасады.

Пленарлық мәжілістен соң конференция музыкатанудың өзекті мәселелері, орындаушылық пен интерпретация сұрақтары: өткені мен бүгіні, қазіргі заман білім берудің теориялық-әдістемелік мәселелері бағытында секциялық тыңдауларға жалғасты.

Конференция қарсаңында, 14 желтоқсанда өнертану ғылымдарының кандидаты, беделді музыкалық сыншы Вадим Журавлевтың «Опералық сынның бүгінгі ерекшелігі: мәселелер мен шешу жолдары. Ресейдің Үлкен және Мариин театрлары мысалында» атты тақырыпта шығармашлық кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ресейдің еңбек сіңірген артисі, П.Чайковский атындағы консерваториясының Концертмейстерлік өнер кафедрасының профессоры, «Танеев музыкалық қоғамының» төрағасы, «Золотой витязь» сыйлығының иегері С.М.Никешичевтің шеберлік класы өткізілді.

Конференция жұмысы мерекелік концертпен қорытындыланды. Концертте арнайы шақыртылған қонақтар өнер көрсетті, олар – Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілдері, дәулескер күйші Сержан Шәкіратов пен жыршы Амандық Көмеков, Әзірбайжан дәстүрлі музыкасының өкілі Фазаил Оруджов. Сонымен қатар, Сыр өңірі жыраулық мектебінің өкілі Ұлжан Байбосынова, Арқа әншілік мектебінің өкілі Ардақ Исатаева, шертпе күйшілік мектебінің жарқын өкілі Біләл Ысқақов.

Концерттің академиялық бөлімі де өзіндік құрылымымен ерекшеленді. Бұл бөлімде халықаралық конкурстардың лауреаттары Арман Тлеубергенов пен Еркебұлан Сапарбаевтың дуэті, «D’EL’SA Consort» еліміздің үздік барокколық ұжымы, «Игеру» қазіргі заман музыкасының эксперементалды ансамблі және тыңдаушылардың сүйікті ұжымына айналған Ян Рудковскийдің жетекшілігімен консерваторияның аралас хоры өнер көрсетті.

Консерваторияда өткен конференция ғылыми іс-шаралардың өте қызықты өтетіндігін көрсете білді!

   Құрманғазы атындағы ҚҰК ақпараттық бөлімі

Альбомдарға оралу