Menu HELPDESK

Консерватория ұжымы өңірлерде кең ауқымды кәсіптік бағдарлау акциясын жүзеге асырды


2024 жылғы 3-30 наурыз аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы 2024 жылғы оқуға студенттерді Қабылдау науқаны қарсаңында өзінің жетекші оқытушыларын оқу-әдістемелік көмек көрсету және жоғары оқу орнын таныстыру мақсатында еліміздегі өңірлік музыка колледждері мен өнер колледждеріне жібере отырып, кең ауқымды кәсіптік бағдарлау акциясын іске асырды.

Атап айтсақ, консерватория өкілдері Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжі, Шымкент қаласы білім басқармасының Музыкалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжі, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі, Қарағанды қаласындағы мамандырылған музыкалық мектеп-интернат, Петропавл қаласында орналасқан «Ермек Серкебаев атындағы Өнер колледжі - өнердегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат» кешені, Көкшетау қ. Ақан сері атындағы жоғары Мәдениет колледжі, Өскемен қ. Халық артистері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан Өнер училищесі, Семей қ. М.Төлебаев атындағы Музыкалық училищесі, Павлодар қ. «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені сынды өнер-білім ордаларына арнайы атбасын бұрған еді.

Шығармашылық колледждердің оқытушыларымен және білім алушыларымен кездесулер шеберлік сыныптарын, өзекті оқу-әдістемелік мәселелерді талқылауды, түлектерді тыңдауды, консерватория қызметі мен оның білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ, профессорлық-оқытушылық құрамының концерттік бағдарламасын қамтып, әртүрлі форматта өткізілді.

Қазақстанның бірқатар қалаларындағы өнер-білім ордаларымен бірлескен жұмыс жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Біз республикадағы шығармашылық колледждердің әкімшілігіне консерваториялықтардың сапарын ұйымдастыруға қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз!





















Альбомдарға оралу