Menu HELPDESK

Консерваторияда «Арт-менеджмент» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті



2022 жылғы 29-30 қарашада Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Қоғамды жаңғырту стратегиясындағы Арт-менеджмент: сын-қатерлер, тәжірибелер, кадрлар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция аясында 29 қараша күні консерватоорияның Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында музыкалық театрлар мен филармониялардың жұлдыздары Мұрат Бисенғалиев, Ян Рудковский, Жанар Сүлейменова, Құралай Сарқытбаева, Азамат Асқаров және Құрманғазы атындағы  Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен салтанатты концерт өтті. Консерватория сахнасында алғаш рет қазақ балетінің жас жұлдыздары Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының солистері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құралай Сарқытбаева және Халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Асқаров өнер көрсетті.

Халықаралық конференцияға аталмыш саладағы жетекші ғалымдар, кәсіпкерлер, практиктер, продюсерлер, режиссерлер, редакторлар, арт-бизнес саласы өкілдері қатысты. Олардың ішінде Өнер ғылыми-зерттеу институтының директоры (Грузия) Леван Хетагури, Фаберже музейі (Санкт-Петербург, Ресей) директорының бірінші орынбасары Михаил Овчинников, ҚР Жобалық менеджерлер одағының төрағасы Алексей Цеховой және басқалар бар.

Конференцияда үш бағыт бойынша түрлі мәселелерді талқылады:

· Арт-менеджерді дайындаудағы білім беру стратегиялары мен әдістері;

· Нақты экономика мен арт-менеджменттің өзара іс-қимылы;

· Қазақстандағы продюсерлік және креативті арт-менеджмент.

Басқосудың екінші күні Леван Хетагуридің, Арман Қарабаевтың, Михаил Овчинниковтың және «Целинный» осы заманғы мәдениет орталығының қатысуымен шеберлік сыныптары, музыка өнеріндегі өнер менеджменті саласындағы оқытудың жаңа әдістері насихатталып, білім беру ұйымдарында студенттермен жұмыстың практикалық түрлерін көрсетуге арналған цифрлық көрме өтті.

Еліміздегі «Арт-менеджмент» саласы – ғылыми негізде жаңадан дамып, көтеріліп келе жатқан салалардың бірі. Білікті шетелдік және отандық мамандардың қатысуымен өткізілген осындай ғылыми жобалардың білім алушылар мен ізденушілерге берері мол. Халықаралық жобаны ұйымдастырған «Арт-менеджмент» кафедрасының ұжымына, консерваториямыздың Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректоры Ғалия Зайнақұлқызына еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық шабыттарыңыз арта берсін, шәкірттеріңіз кәсіби түрде шыңдалып, саланың дамуына өз үлестерін қоса берсін деген тілек білдіреміз.





















 
Альбомдарға оралу