Menu HELPDESK

Консерваторияда профессор Таңатар Нұралының 85 жылдық мерейтойына және Гобой сыныбының ашылуының 70 жылдығына арналған кеш өтті



2023 жылдың 20 қарашасында консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, профессор Таңатар Нұралының 85 жылдық мерейтойына арналған және өнер-білім ордасында Гобой сыныбының ашылуының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты концерт өтті. Салтанатты кештің шымылдығын консерватория ректоры Нұркен Нұрғалиұлы құттықтау сөзімен ашып берді. Ұжым басшысы мерейтой иесіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын арнайы табыстады.

«Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедрасының профессоры, талантты гобоистердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз Таңатар Қоңырұлы консерваторияның жетекші профессорларының бірі болып саналады. Профессор жеміске толы педагогика саласындағы еңбек жолында «Гобой» мамандығы бойынша жүздеген түлекті оқытып-тәрбиелеп шығарды. Бүгінгі таңда шәкірттерінің көпшілігі республикалық, аймақаралық және халықаралық байқаулардың лауреаттары ғана емес сондай-ақ, шетелде де шығармашылық, концерттік және педагогикалық қызметпен айналысатын үздік музыканттар. Таңатар Қоңырұлы – гобойға арналған шығармаларды қайта өңдеумен қатар үрмелі аспаптарда орындаушыларға арналған көптеген әдістемелік кітаптар мен мақалалардың авторы. Өнер әлемінің музыка саласында өзіндік қолтаңбасы бар тұлғаның еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды.

Салтанатты жиында Таңатар Қоңырұлын көршілес Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен арнайы келген әріптестері мен шәкірттері мерейтойымен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олардың қатарында РФ еңбек сіңірген артисі Чинакаев Ханяфи Мавлидинович, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының доценті, Үлкен театрдың солисі Паисов Иван Юрьевич, Таңатар Қоңырұлының шәкірті, консерваториямыздың түлегі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Михальцов Александр Григорьевич және Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардиясының академиялық әскери-музыка лицейінің директор орынбасары Кадамбай Исмоилов бар.

Концерттік кеште мерейтой иесі Таңатар Нұралының жетекшілік етуімен Гобойшылар ансамблі және Мұрат Бисенғалиевтің жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары Әл-Фараби Бахтияров, Аяжан Оспанбаева, Құралай Мәлімбаева, Малика Михлина, Абай атындағы Қазақ ұлттық Опера және балет театрының солисі Татьяна Петрянина, Үлкен театрдың солисі Иван Паисов (Мәскеу), «Astana Opera» солистері Дамиля Махрипова, Нұргүл Сапарова өнер көрсетіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Музыканттарды сүйемелдеген Гүлнара Әбдірашева, Бақтияр Құсайынов, Ботагөз Айғалқаева және Алияр Өтетілеу.




















Альбомдарға оралу