Menu HELPDESK

Консерваторияда «Сақтық қауіпке бөгет» атты кураторлық сағат өтті



2024 жылдың 31 қаңтарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында «Сақтық қауіпке бөгет» атты кураторлық сағат өтті. Кураторлық сағатты студенттермен және түлектермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Ысқақов Жалғас Жанысұлы жүргізді. 

Жиынға Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы қатысып, Еңбекті қорғау жөніндегі инженер Әлкенова Айман Баукенқызы өнер-білім ордасының студенттерімен арнайы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. Маманның айтуынша, қауіпсіздік дегеніміз – жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің ішкі және сыртқы қатерден қорғалуы. Қауіпсіздіктің негізгі нысаны – жеке адам. Әдетте біз қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын сақтауды салғырттық пен селқостықтан естен шығарып аламыз. Соның салдарынан жазатайым жағдайлар, оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын әрдайым назарда ұстағанымыз жөн. Әуелі өзіңіз үшін, содан кейін айналаңыздағылар үшін қауіпсіздік шаралары міндетті түрде жасалуы тиіс. Орны толмас өкініште қалмас үшін мұқият болайық, мойнымызда үлкен жауапкершілік барын ұмытпайық!

Жиынның басты мақсаты консерватория студенттерін қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, жер сілкінуі орын алған жағдайда қандай сақтық шараларын қолдану керек деген мәселелерді талқылау болды. Кездесу барысында студенттерді қызықтыратын бірталай сұрақтар қойылды. Сауалдарға спикер тарқата жауап беріп, өзі дайындап әкелген бейнежазбаларын көрсетті. Көп жағдайда апат оқиғалары адамдардың өзіндік қателіктерінен туындайды. Сондықтан да барлығымыз техникалық қауіпсіздік шараларын білуге және сақтауға міндеттіміз деп атап өтті.





Альбомдарға оралу