Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толуына орай, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен залында «Ән асқары – Әміре» атты концерт өтті.
Халық әні кафедрасының ұйымдастыруымен әнші Әміре Қашаубайұлының туғанына 130 жыл толуына орай, 9 қараша күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен залында «Ән асқары – Әміре» атты концерт өтті.
Елімізге белгілі өнерпаздар мен жас орындаушылар өнер көрсеткен кеште «Шегенің ариясын» Қанат Құлымжанов, Үлебайдың «Дудар-ай» әнін Еркін Шүкіман, Ақан серінің «Балқадишасын» Тілеулес Құрманғалиев, Біржан салдың «Жалғыз арша» әнін Аманкелді Күзеубай, Ә.Хасеновтың «Қоңыр» күйін Нүркен Әшіров, Кете Жүсіптің «Ер жігіт» толғауын Ұлжан Байбосынова, Уәйістің «Үш дос» әнін Ардақ Исатаева, Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін Эльза Қарабалина, Е.Үсеновтің «Майра» шығармасын Абай Қойшыбаев, Құдайберген Кердерінің «Ал, жырауың толғасын» термесін Күнқожа Қайрулла, Халық әні «Желкілдекті» Венера Қаржаубаева, Есбайдың күйі «Терісқақпайды» Ақтоты Дүйсебаева, Т.Рахимовтың «Әміре» әнін Біржан Айтахметов, Халық әні «Сметті» Сымбат Елтоқ, Уәйістің «Қос барабан» әнін Диана Көшербаева шырқап тыңдаушы қауымды тәнті етті.
Аталған кеште әншілерді Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік халық аспаптары оркестрі сүйемелдеп, оркестрге Нүркен Әшіров пен Бекболат Әбдіберікұлы дирижерлік етті.
Кеш қонақтары Жетес Жәмеков Н.Айтовтың «Есіл күн» толғауын, Берікболдың «Ағаш аяғын» Рамазан Стамғазиев, Байжігіттің күйі «Ағаш аттың ұшуын» Ардаби Мәулетұлы орындады.