Menu HELPDESK

Нұр-Сұлтан қаласында «Халық музыкасы» факультетінің МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТІ өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Ж. Жабаев атындағы Үлкен залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 75 жылдығына арналған консерваториямыздың «Халық музыкасы» факультетінің МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТІ өтті.
Шараны консерватория ректоры Арман Жүдебаев ашып, Ұлттық өнер университетінің басшылығына алғысын білдіріп, осындай концерттер әлі де жалғасын табатынын жеткізді.
Концертті тамашалауға жиылған жұртшылық Біләл Ысқақов, Айгүл Үлкенбаева, Рамазан Стамғазиев, Төлепберген Тоқжанов, Еркін Шүкіман, Мұрат Әбуғазы, Ұлжан Байбосынова, Салтанат Құдайбергенова, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Динара Нұрбаева, Армат Ислямғалиев, Амангелді Күзеубай, Эльза Карабалина, Асылбек Кеңегесов, Ержан Жәмеңкеев, Әйгерім Қарсақбаева, Мақсат Медеубек, Әсел Алина, Ғалымжан Нарымбетов сынды дарынды өнерпаздардың орындауындағы көнеден жеткен жауһар жырды, әсем ән мен тәтті күйді тыңдап, құлақ құрышын қандырды.
75 жыл тарих - адамзат жасы үшін асудан асар кемелді шың, ал, өнер үшін, ұлтымызға тән, оның ауызша мәдениетпен қалыптасқан дәстүрлі үдерісінің кәсіби бағыт алып, әлемдік үрдістер аясында тең дәрежеде қалыптасып, замана заңғарына шарықтату үшін сындарлы мерзім. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы көшбасшы музыкалық жоғарғы оқу орны ретінде өзінің түлектерімен мақтанады. Бүгінде, Қазақстанның барлық дерлік бастауыш, орта және жоғарғы музыкалық білім беру оқу орындарындарында консерватория қабырғасынан түлеп ұшқан кәсіби мамандар мен білікті ұстаздар қызмет жасап жүргені баршаға мәлім.
Сонымен бүгін Нұр-Сұлтан қаласына Алматы шаһарынан арнайы барған «Халық музыкасы» факультетінің ұстаздары елордалық көрермендердің ыстық ықыласына тағы бір мәрте бөленді.







Альбомдарға оралу