Menu HELPDESK

Өнер майталмандарымен кездесу өтті

         2-қазан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кіші залында ректор А.Жүдебаевтың қатысуымен Саха елінен келген танымал хомусшы, "Әлем виртуозы" атағының иегері Юлияна Кривошапкинаның шеберлік-сыныбы өтті. Түбі бір түркі халықтарының мәдениеті әр алуан болғанымен ұқсас тұстары да жетерлік. Хомус пен қазақтың шаңқобызы бір аспап екені баршаға аян. Алайда саханың хомусы аспаптың жасалуы жағынан да, орындаушылық деңгейі жағынан да көш ілгері екені мәлім.
         Өз өнерімен талай елдерді аралап тыңдаушысын тәнті етіп жүрген Юлиянаның консерватория қабырғасында шеберлік-сыныбын өткізуі шаңқобыз аспабында орындаушылықтың дамуына өз септігін тигізері даусыз.

IMG_8016.jpg

IMG_8033.jpg

         Сахалық қонақпен болған басқосу консерваториямызда 40 жыл ұстаздық еткен, қазіргі таңда Астана қаласында қызмет жасап жүрген белгілі фольклортанушы, күйші-ұстаз, профессор Айтжан Тоқтағанмен болған еркін сұхбат форматындағы кездесуге ұласты. "Күй тәңірдің күбірі", "Күй керуені", "Күй қастерлі әуез", "Атыраудың 62 Ақжелеңі" сияқты келелі еңбектердің авторы Айтжан аға, күйшілік өнердің өткені мен бүгіні туралы, дәстүр жалғастығы туралы сөз қозғады.
         Жиынға қатысқан "Халық музыкасы" факультетінің ұстаздары мен студенттері қонақтарды сұрақ астына алып, көп дүниеге қанық болып қайтты.

IMG_8065.jpg

IMG_8073.jpg

IMG_8089.jpg

IMG_8096.jpg

Альбомдарға оралу