Menu HELPDESK

Профессор Базархан Қосбасаровтың "Қобыз өнері" кітабының жаңа нұсқасы шықты

Профессор Базархан  Қосбасаровтың "Қобыз өнері" кітабының жаңа нұсқасы шықты

Қобыз өнері

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқу-әдістемелік әдебиетінің қоры таяуда жаңа басылыммен толықты. Оның құрастырушысы – консерватория профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Базархан Әбуұлы Қосбасаров. Алғысөзін КСРО халық артисі Е.Рахмадиев жазған «Қобыз өнері» атты кітап (толықтырулар енгізілген екінші басылымы) музыкалық оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне арналған оқу құралы ретінде дайындалып отыр.

Ұсынылып отырған еңбек екі бөлімнен құралып, оның алғашқысы қыл-қобыз аспабының құрылысы, оның құлақ күйлері, дыбыс шығару тәсілдеріне және т.б. арналған. Келесі тарауларында құрастырушы қыл-қобызға арналған күйлердің аңыздары, дәстүрді қалыптастырып дамытушылар – Қорқыт және Ықылас, ХХ ғасырдағы атақты қобызшылар – Д.Мықтыбаев пен Ж.Қаламбаев және олардың дарынды ізбасарлары туралы мағлұматтарды топтастырған.

Басылымның екінші бөлімінде қыл-қобызға арналған күйлер, дәстүрлі әндер мен домбыра күйлерінің өңдеулері, сондай-ақ, фортепианомен сүйемелденетін Қазақстан композиторларының шығармалары берілген.

«Қобыз өнері» еңбегі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» атты бағдарламалары бойынша жарық көрді.


Базархан Қосбасаров.jpg

 

Альбомдарға оралу