Menu HELPDESK

Консерватория және ГИТИС өзара ынтымақтастық келісімге қол жеткізді

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Солтүстік көрші елден келген қонақтарымыз, Ресей театр өнері институты басшылығымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған Қазақстандағы белді шығармашылық жоғары оқу орындарының басшылары және басқа да өнер ұжымдары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басқа да өкілдері қатысқан кездесуде Ресейлік әріптестермен жан-жақты пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында атқарылатын шаралар жөнінде кеңінен талқыланды.
Кездесу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 1994-жылдың 28 наурыздағы мәдениет, ғылым және білім саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасының негізінде «Ресей театр өнері институты – ГИТИС» және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» Республикалық мемлекеттік мекемесі арасында білім беру және мәдени ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.
Келісім мақсаты:
- Бірлескен білім беру жобаларын жүргізу және орындау;
- Бірлескен шығармашылық жобаларды жүргізу және орындау;
- Бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу және орындау;
- Екі тарап қызметкерлері, профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттері мен білім алушылары арасында тәжірибе алмасу;
- Академиялық ұтқырлық шеңберінде оқытушылар, докторанттар, магистранттар үшін ғылыми тағылымдама жобаларын жүзеге асыру,
тағы да басқа жобалар. Сондай-ақ, келісім аясында консерватория қабырғасында «Музыкалық театр режиссурасы» мамандығын ашу жоспарланып отыр. Консерватория ректоры Арман Әділханұлы Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) ректоры Григорий Анатольевич Заславскийдің өзара қарым-қатынасты нығайтуға деген ықыласы мен ашық көңіліне өз ризашылығын білдірді.







Альбомдарға оралу