Menu HELPDESK

Тұлғаны танытқан кездесу



2022 жылдың 29 қарашасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ф. Шопен атындағы Камералық залда Қазақ КСР-ның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, профессор Б. Жаманбаевпен «Ғ. Жұбанова: өнердегі өмір» тақырыбында кездесу-концерт өтті.

Дәріс түріндегі концерт көрнекті композитор, талантты педагог және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Халық артисі, профессор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдық мерейтойына арналды. Жүздесуге Абай атындағы ҚҰОБТ-ның жетекші солистері, сондай-ақ Құрманғазы атындағы ҚҰК «Вокалдық өнер» кафедрасының студенттері қатысып, Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек» және «Жиырма сегіз» операларынан ариялар, ариозолар мен романстар орындады.

1.       О. Сүлейменовтың өлеңіне жазылған «Из травы я взлетела» романсын доцент Г. Нұрғалиеваның сыныбында оқитын 4-курс студенті Нелли Дауқаева орындады. Концертмейстері – Диана Лаврова.

2.       «Еңлік-Кебек» операсындағы Еңліктің бесік жырын доцент Р. Смайылованың сыныбында оқитын 1-курс студенті Алтынай Қожабергенова шырқады. Концертмейстері – Лариса Шалабаева.

3.       «Еңлік-Кебек» операсының 1 көрінісіндегі Кебектің ариозосын «Вокалдық өнер» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Абай атындағы ҚҰОБТ-ның жетекші солисі Балуан Беркенов әуелетті. Концертмейстері – Гүлсім Әбдірова.

4.       «Еңлік-Кебек» операсының 2 көрінісіндегі Еңліктің ариясын аға оқытушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Г. Дәуірбаеваның сыныбында оқитын 3-курс студенті Әмина Рахымжанова самғатты. Концертмейстері – Лариса Шалабаева.

5.       «Жиырма сегіз» операсының 1 көрінісіндегі Жамбылдың монологын Абай атындағы ҚҰОБТ-ның жас солисі, Құрманғазы атындағы ҚҰК «Вокалдық өнер» кафедрасының түлегі, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрғалым Аманбай нәшіне келтіре орындап шықты. Концертмейстері – Гүлнәр Жеделова.

Ғазиза Жұбанова – ХХ ғасырдағы қазақ кәсіби музыкасындағы айтулы тұлға. Биыл Ғазиза Ахметқызы 95 жасқа толар еді. Арасында Төлеген Мұхамеджанов, Алмас Серкебаев, Бейбіт Дәлденбай, Қуат Шілдебаев, Гүлнәр Өзенбаева, Ақтоты Райымқұлова және басқалар бар көптеген қазақстандық композиторлардың тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарған Ғазиза Жұбанова өзінің педагогикалық қызметін шығармашылықпен сәтті үйлестіре білген. Оның туындылары тек Қазақстан ғана емес, сонымен бірге шетелдерде де танымал болды.

Үш опера, төрт балет, үш симфония, көптеген симфониялық поэмалар мен картиналар, концерттер, ораториялар, кантаталар, спектальдер мен кинофильмдерге музыка, камералық-аспаптық музыка – осы шығармалардың барлығы да сол бұрынғыдай еліміздің филармониялары мен театрларында шырқалуда.

Біз үшін Ғазиза Ахметқызының музыканың рөлі мен міндеті туралы айтқан ойлары ерекше құндылыққа ие: «Біздің қазіргі заманғы тарихымыздың доңғалағы тым шапшаң және болжап болғысыз айналуда. Сондықтан мен шығармашылық қатынастың өткен формаларын аңсап, мұңая қайғыратын консерватор болып көрінгім келмейді. Өткен – өтті. Бәлкім, ол қайтып оралмас. Алайда, мен біздің азапталған қоғамымызға адамдық абырой мен адамгершілік қуат сезімін сыйлай алатын жаңа, қызықты дүниенің барлығын қолдаймын. Ал бұл қатардағы музыка – тәңірлік биіктікке ие асқақ құбылыс» - деген еді, маэстро.

Аса мазмұнды әңгімесі мен жан тебірентерлік естеліктері үшін Базарғали Әжіұлы Жаманбаевқа, Ғ. Жұбанованың вокалдық шығармаларын нәшіне келтіре орындаған барлық қатысушыларға, сондай-ақ осы концертімізді дайындауға қолдау көрсеткені үшін Танакөз Қайкенқызына ерекше алғысымды білдіремін!



















Альбомдарға оралу