Menu HELPDESK

VI Халықаралық камералық музыка фестивалі өз мәресіне жетті



Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында төрт күнге созылған VI Халықаралық камералық музыка фестивалі өз мәресіне жетті. 14-17 қараша аралығында Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залының сахнасында Барокко дәуірінен қазіргі заманға дейінгі түрлі стильдегі және жанрдағы әлемдік камералық музыканың жауһарлары орындалды. 

Танымал музыканттар, беделді халықаралық конкурстардың лауреаттары Алексей Мельников, Арсений Тарасевич - Николаев (Ресей), Яннис Мавридис, Николаос Мавридис (Грекия), Вадим Вайнштейн (Санкт-Петербург) және қазақстандық үздік музыканттар Ержан Кушанов, Дамир Бүркітбаев, Анвар Акбаров, Дина Құрманалинова, Бекежан Рақышев, Татьяна Казмирук және т.б. консерваторияның оқытушылары, магистранттары мен студенттері аталмыш фестивальде өнер көрсетіп, музыканың құдіретімен көрермен қауымға Барокко дәуіріне саяхат әсерін сыйлады. 

Фестивальдің алғашқы күні 14 қарашада Ғ.Жұбанова атындағы камералық залда Грекияның Патра қаласындағы консерватория оқытушысы, «Патра солистері» камералық оркестрінің концертмейстері Яннис Мавридистің «Квартет сыныбындағы бірлесе орындаушылық» тақырыбында шеберлік сабағы, сондай-ақ Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Дина Құрманалинованың жетекшілігімен “D'EL'SA CONSORT” Барокко музыкасы ансамблі мен Студенттік камералық оркестрдің (дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ануар Акбаров) концерті өтсе, келесі күні аталмыш концерт залының есігі Халықаралық конкурстардың лауреаттары Арсений Тарасевич-Николаев пен Алексей Мельниковтың (Ресей) «Фортепианолық дуэт» атты кешіне келген көрермен үшін айқара ашылды. Бағдарлама аясында С.В.Рахманиновтың Сюита для двух фортепиано ОР. 5, №1, Сюита для двух фортепиано ОР. 17, №2, Симфонические танцы ОР. 45 туындылары орындалды.

Ал, 16 қарашада фестиваль аясында "Piano JAZZ" концерті өтіп, концерттік бағдарламада К.Боллнг, П.Шенфилд, А. Цфасман сынды әйгілі композиторлардың шығармаларын консерватория студенттері орындады. Өнер мерекесінің соңғы күнінде Ф.Д.Мавридидың 100 жылдығына орай "Посвящение" концерті өтті. Айтулы кешке Яннис Мавридис пен Николас Мавридис арнайы құрметті қонақ ретінде шақырылды. Концерттік бағдарламада Д.Мийо, Б.Мартину, Д Менотти, Э.Шессон шығармалары орындалды.

Төрт күндік камералық музыка мерекесі консерватория білім алушылары мен оқытушыларын ғана емес, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарын да өткен дәуірлерге музыкалық саяхат жасатып, ұмытылмас әсерге бөледі.








Альбомдарға оралу