Жаңа ҚР Мәдениет және спорт министрі тағайындалды
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі лауазымына Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова тағайындалды.
Ақтоты Рахметоллақызын өзі білім алып, һәм қызмет еткен құтты шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы шын жүректен құттықтайды! Тұлғаның жеке шығармашылық жолы мен басқару ісін шебер ұштастыра білуі, тынымсыз еңбегі мен асқан жауапкершілігінің, жоғары талғамы мен адамгершілік қасиеттерінің көрсеткіші деп білеміз. Аталмыш саланың жаңа басшы жетекшілігімен әлі алар асуы, шығар белестері көп екеніне шүбәміз жоқ! Жұмысына сәттілік пен табыс, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!
2014 жылдан бері аталмыш саланы басқарып келген Арыстанбек Мұхамедиұлы ағамыздың сіңірген еңбегін, талай жобалардың жүзеге асуына мұрындық болып, табандылықпен ат салысқанын, ол кісімен қоян-қолтық жұмыс жасаған әріптестері жақсы біледі, әрі жоғары бағалайды. Арыстанбек ағамыздай білікті басшының тәжірибесі әлі де ел игілігіне қызмет жасайды деп есептейміз.
Консерватория ұжымы тұлғалы түлектерін мақтан тұтып, әрқашан қолдау білдіреді!

