Menu HELPDESK

Жанат Ерманов жетекшілік ететін квинтет жеңімпаз атанды

IMG-20210627-WA0002.jpg


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедрасының профессоры Жанат Ермановтың жетекшілігімен құрылған Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті Халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.
Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті әлемнің түкпір-түкпірінен өнер иелерін жинаған «Music Box» Халықаралық онлайн байқауында 100-ден 98 ұпай жинап, І орынды қанжығасына байлады. Байқауда 58 елдің музыканттары бақ сынасты.
Байқау Talented Royals International – таланттарды табу әрі дамыту мақсатында құрылған Британдық ассоциацияның және Academy of Children’s Music – Лондон өнер және музыка мектебінің қолдауымен ұйымдастырылды. Құрамында Испания, Франция, Италия, Қытай, АҚШ және басқа да елдерден әлемге танымал хореографтар, вокалистер, дирижерлер, музыканттар, продюсерлер, музыкалық сыншылар бар қазылар алқасы фортепиано, ішекті-шертпелі, ұлттық аспаптар, аккордеон мен баян, үрмелі аспаптар, ұрмалы аспаптар, ансамбльдер, камералық оркестрлер номинациялары бойынша үздіктерді таңдады.
Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті 1997 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Моцарт атындағы Еуропалық музыка академиясының түлегі, профессор Жанат Ермановтың жетекшілігімен​ құрылған. Бұл ұжым Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамына 2004 жылы кірген. Квинтет концерттерінде Қазақстан композиторларының және әлемдік классикалық музыканың танымал авторларының үздік​ туындыларын тыңдауға болады.
Консерваториямыздың профессоры Жанат Ермановқа және Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтетіне шығармашылық шабыттарыңыз сарқылмай, өнер биігінде самғай беріңіздер демекпіз!
Альбомдарға оралу