Menu HELPDESK

Халық әні кафедрасы

 КАФЕДРАНЫҢ ТАРИХЫ

 

         Қазақтың дәстүрлі өнері атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ұласып табиғи жалғастығын тауып келе жатқан құбылыс. Ұрпаққа ұлағат, шәкіртке аманат етілген халық өнері ұлттың тарихи тамырын тартқан рухани асыл құндылықтардың қайнар көзі. Қазыналы өнерімізді сақтау және болашаққа жеткізу, ұрпаққа өнеге ету халқымыздың бойына сіңген қасиет. Осындай ұлы өнерді ұлықтап, бүгінгі ұрпақа табыстау Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Халық әні кафедрасының  еншісіне тиді.

         Қазақ әнін арнайы оқу орындарында оқыту 1965 жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында бастау алды. Қазақтың ақиық әншілері Ғ. Құрманғалиев пен Ж. Елебеков тұтынған Батыс пен Арқа әншілік мектептері үлгісінде болашақ орындаушыларды кәсіби даярлаудың негізі қаланды. Қазақтың екі үлкен ән мектебінің сақталып қалуы аталмыш оқу орнында қос тұлғаның ұстаздық етіп, өздеріне ізбасар шәкірт тәрбиелеуімен тікелей байланысты болды. Соның нәтижесінде Ж. Елебеков класынан Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Ғалым Мұхамедин, Мырзахмет Мүкаманов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков сияқты шәкірттерді түледі. Ал Ғ. Құрманғалиев класы бойынша Темірхан Ерғалиев, Тілеужан Нұрғалиев, Қажыбек Бекбосынов, Әлмырза Ноғайбаев, Әскербек Еңкебаев, Қалыбек Ақтаев, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимова, Қапаш Құлышева сияқты әншілер дәріс алды.

         Консерваторияда ұлттық ән салу үлгісіндегі өнерпаздарды оқыту керек деген бастаманы алға тартып, Халық әні бөлімін ашуды ұсынып, кейін осы бөлімнің алғашқы меңгерушісі болған Әмина Нұғыманова (Бафина) еді. Сөйтіп Халық әні кафедрасын ашу ісі 1987 жылы қолға алынып, консерватория ректоры Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің тапсырмасымен студенттер қабылдау жөнінде шешім жасалды. Бұл жобаның жалпы ғылыми негізін жүргізген сол кездегі ғылым істері жөніндегі проректор Әсия Ибадуллақызы Мұхамбетова. Бастама консерватория ішінде үлкен мәселеге айналып, дербес Халық әні кафедрасын ашу идеясы шындап талқыға түсе бастаған 1987 жылы тәжірибелік негізде ашылған Халық әні бөліміне арнайы тізіммен бес студент оқуға қабылданып, Халық әні кафедрасының қазығы қағылды. Олар Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіпов, Ержан Қосбармақов, Базаргүл Рақышева, Мейіргүл Нұрмағанбетова болатын.

        Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының негізі салынғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде кафедрадан халыққа танымал көптеген тұлғалар шықты. Алайда оқу бағдарламасы мен оқу жұмыс жоспары және ұстаздар құрамы дайын болмағандықтан, алғашқы кезде Халық әні бөлімінің студенттері Домбыра кафедрасының құрамында болды. Ілкі кезеңде қабылданған студенттердің кәсіби деңгейі жоғары еді. Өйткені олар дәстүрдің өз ортасынан келген орындаушылар болатын. Осы ерекшелікті тани білген Әсия Байгаскина, Әсия Мұхамбетова сияқты музыкатанушы ғалымдар студенттердің музыка теориясына қатысты ой-өрістерін кеңейтуге жұмыс жүргізді. Орындаушылардың нота сауаттылығын арттыруда теория, сольфеджио, гармония пәндерінен Асия Байгаскина дәріс берді. Сол кездегі Дайындық курсы факультетінің деканы Халима Саменовна әншілердің әлем музыкасынан жан-жақты хабардар болуына көп үлес қосты. Халық аспаптары факультетінің деканы композитор Мүлкаман Қалауов дәстүрлі өнер мен өнерпаздарға барынша қолдау білдірді.

        Халық әні бөлімі студенттері алғашқы жылдары Айтқали Жайымов басқаратын Домбыра кафедрасының құрамында болды. Халық әні бөліміне Әмина Нұғыманова басшылық жасады, кейін аз уақыт бұл жұмысты консерватория тәжірибегері (стажоры), аға оқытушы Алмас Алматов атқарды. Бұл кезде Халық әні бөлімі студенттерінен емтихан мен сынақ алатын сол кездегі Домбыра  кафедрасының мамандары болатын. 1992 жылы Домбыра кафедрасының студенті болса да Халық әні бөлімінен қатар дәріс алғандықтан домбырамен ән айту мамандығы бойынша «концерттік орындаушы, оқытушы, оркестр артисі» деген алғашқы квалификацияны К. Байтілеуова иеленді. 

        Дербес Халық әні кафедрасын құру, оның құрамын, оқу жұмыс бағдарламасын жасақтау мәселесі бір сәт те тоқтап қалмай, жұмыс әрі қарай жүргізіле берді. 1987–1988 жылдары дәріс беруге шақыртылған алғашқы ұстаздар қатарын Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Набат Ойнарова, Алмас Алматов, Жақсылық Сәрсенғалиев, Наурызбек Нұржаубаевтар құрады. Халық әні кафедрасы кейін Республикадағы көптеген жоғары оқу орындары жанынан дәстүрлі ән өнері мамандығының ашылуына зор ықпалын тигізді.

        Халық әні кафедрасының өз алдына дербес қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов еді. Ол бұл кафедраны 1990 жылдан өмірінің соңына, яғни 1992 жылға дейін басқарды. Ж. Кәрменовтың кезінде Халық әні кафедрасы өзінің қалыптасу, болашақ бағыт-бағдарын анықтау кезеңдерінен өтті.

        Әйгілі әншінің қазасынан кейін Халық әні кафедрасы тізгінін қолға алған Қазақстанның халық артисі, профессор Қайрат Байбосынов жастардың өнерімен елге танылуына, сондай-ақ халық әнінің кеңінен насихатталуына күш салды. Қайрат Әукенұлы Халық әні кафедрасын 1992–1994 жылдар аралығында және 2002–2007 жылдары екінші рет басқарды.

        Осы жылдары Қ. Байбосынов эстрада-цирк колледжінің директоры қызметіне ауысып, Халық әні кафедрасы уақытша Досмұхамед Тұяқбаевтың басқаруындағы Қобыз-Баян кафедрасына қосылып, келесі жылы оқу бітірген алғашқы түлектер Бекболат Тілеухан мен Ержан Қосбармақов кафедрада Арқа мен Жетісу кластарынан дәріс жүргізуге қалдырылды.

        1997 жылы Қобыз-Баяннан дербес кафедра болып қайта бөлініп шыққан Халық әні кафедрасының меңгерушісі қызметін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Тілеухан атқарды. Бұл жылдары Б. Тілеухан кафедраның өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып, дәстүрлі ән өнерінің биік белеске көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Сонымен қатар халықаралық және республикалық деңгейдегі дәстүрлі музыка фестивальдарының өтуіне мұрындық болды.

        1996 жылы Сыр бойы класын жүргізуге эстрада-цирк колледжінен консерваторияға жұмысқа шақырылған фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Берік Мырзалыұлы Жүсіпов 2001–2002 жылдары кафедра меңгерушісі болды. Бұл жылдары каферраның ғылыми негізі жасалып, барлық жылдардың протоколдары қалпына келтірілді. Б. Жүсіпов әрбір маман бағдарламасымен барлық мамандық пәндерінен бастап жалпы фортепиано, домбыра, дауыс қою және лекциялық пәндердің кафедра бойынша толық оқу-жұмыс бағдарламасын жасап шықты. Б. Жүсіпов атқарған бұл жұмыстың мазмұны күні бүгінге дейін кафедра бойынша кең қолданыста келеді. Осы кезеңде Халық әні кафедрасы бойынша алғаш рет «Типтік оқу бағдарламасы» бекіді.

         2007–2012 жылдар аралығында Батыс Қазақстан өңірінің ән өнерінің өркендеуіне үлес қосқан, көптеген шәкірттер тәрбиелеп ән өнерінінің тарихын түгендеуге атсалысқан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сауле Стаханшылқызы Жанпейісова кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 2008 жылы С. Жанпейісованың ұйымдастыруымен Халық әні кафедрасының 20 жылдығы аталып өтті. Кафедраның ашылуына зор ықпалын тигізген Түрксой халықаралық ұйымының басшысы Дүйсен Қасейіновтың ұйымдастыруымен кафедраның ұстаздар ұжымы 20 жылдық қарсаңында Түркияның Анкара қаласында концерт берді.

         2012–2014 жылдары кафедра меңгерушісі қызметіне филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Маликайдарқызы Байбосынова келді. Осы жылдары халық әні мамандығы бойынша Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр әншілік-жыршылық мектептері негізінде жаңа типтік оқу бағдарламасы жасалып, оқу жүйесіне енгізілді. 

        2014–2016 жылдары кафедраны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Ардақ Бекмұратқызы Исатаева басқарды. Бұл уақытта мемлекетімізде оқыту жүйесінің талаптары өзгерген болатын. Соған байланысты Ардақ Бекмұратқызы типтік және оқу бағдарламалары қайта жасап бекітті.

         2016 жылдан бастап Халық әні кафедрасын философия докторы (PhD) Аманкелді Ұзақбайұлы Күзеубай басқарып келеді. Бүгінде Халық әні кафедрасының орындаушылықпен қатар педагогикалық және ғылыми бағытын тереңдету ісіне көңіл бөлінуде. Осы уақытта Құрманғазы атындағы ҚҰК шетелдік аккредитациядан өтіп, кафедра еңбегі көрсетілді. Оқытушылар шетелдік эксперттердің оң бағасын, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман санаты сертификатын алды.

         Халық әні кафедрасында әр жылдары доцент Ә. Нұғыманова, жалпы домбыра пәнінен М. Қалауов, Тымат Мерғалиев,  Сәдуақас Балмағамбетов, Әзидолла Есқалиев, Қошқарбек Тасбергенов, Жексенбек Нұржауов, Рүстем Күлшебаев, Мұрат Әбуғазы, Қуанышбек Мұқанғалиев, Бақытжан Дүйсенғазы, Мүсілім Әмзе, Қуаныш Жұмағалиев сияқты мамандар діріс берді. Ал мамандық пәнінен Ж. Кәрменов, Қ. Байбосынов, Н. Нұржаубайұлы, А. Алматов, Ж. Сәрсенғалиев, Н. Ойнарова, Б. Тілеухан, Б. Жүсіпов, Е. Қосбармақов, С. Жанпейісова, Қ. Ақтаев, Е. Еміл, Ұ. Байбосынова, А. Қосанова, Р. Стамғазиев, Д. Өмірәлиев, А. Әбдуәлиев, Н. Жанпейісовтар өз мектептері бойынша сабақ берді. Сондай-ақ дауыс қою пәнінен Нариман Қаражігітов, Махмұт Тойкенов, Сахан Әкелеев, Қанат Құлымжанов, Бейімбет Қожабаев, А. Жұртбаев, Н. Өсеров, А. Иманбаева; теориялық пәндерден Ә. Мұхаметова, С. Еламанова, С. Қалиев, С. Өтеғалиева, А. Айтуарова, М. Асқаров, Р. Несіпбай, А. Бердібаева, А. Байбек, Ә. Сабырова, Б. Бәбіжан сияқты тәжірибелі мамандар кафедраның ғылыми-педагогикалық бағытта дамуына зор үлесін қосты. Педагогика, методика, жыраулық поэзиядан Ә. Нұғыманова, М. Оразалиева, А. Тұрғанбай; жалпы фортепианодан Т. Д. Сырцова сабақ берді берді.

        Халық әні кафедрасын әр жылдары Бекболат Тілеухан, Ержан Қосбармақов (1993); Күлімхан Жұмалиева, Эльмира Жаңабергенова, Ерлан Стамғазиев (1994); Берік Жүсіпов, Гүлбаршын Тергеубекова, Абай Әшірхатова, Гүлжамал Тауышева (1995); Айгүл Қосанова, Әділет Мусин, Қайрат Қабышев, Ғалымжан Серікбаев, Кенжемұрат Жүсіпов (1996); Гүлшат Тәкежанова, Ербол Айтбаев, Айғазы Жанғазин, Шыныбек Абдірахманов, Зауре Жәкешова, Елдос Еміл, Сәуле Жанпейісова (1997); Ардақ Исатаева, Мұратбек Сарыбасов, Гүлмира Мақаев (1998); Айгүл Мақашева, Айгүл Елшібаев, Тоқтар Серіков, Ардақ Балажанова, Марлен Көпешов, Эльмира Дәуренбекова, Сержан Мұсайынов, Бағлан Бәбіжанова, Әділ Тұрғанбаев (1999);  Саян Мұхамедияров, Медет Салықов, Гүлмира Темірбекова, Қарақат Әбілдина, Абзал Қуанышұлы (2000); Әлімжан Cерікбаев, Өмірқұл Айниязов, Нұргүл Әлқожаева, Клара Төленбаева, Ақмарал Абитаева (2001); Ерболат Шалдыбеков, Аққалқа Ахметова, Тілеулес Құрманғалиев, Жазгүл Даңылбаева (2002); Ақмарал Ерімбетова, Сандуғаш Аманжолова, Рысты Сүлейменова, Ажар Сейтенова, Әдемі Әділгереева, Құралай Шаяхметова, Жангелді Жомартов, Қазыбек Әдікеев, Төлеутай Серіков, Ләззат Жанаманова (2003); Еркін Шүкіманов, Баян Нұрмышева, Мадина Сахарбаева, Гүлниза Жұмажанова, Ақмарал Қалданова, Шолпан Даржанова, Мадина Шарипова, Шәмшия Ахметова, Ринат Шабденов (2004); Нұржан Жанпейісов, Ақан Әбдуалиев, Ерлан Рысқали, Ақмарал Қадырғалиқызы, Ақмарал Кемелханова, Бөкенбай Жұмадиллаев, Гүлмарс Аманбаева, Баян Мұсаева, Камал Нарбатыров, Талғат Молдағалиев (2005); Марат Абуғазин, Ғазиза Сарқытбаева, Данияр Сқақов, Санат Исаев, Фархат Оразов, Ақкенже Шаужанова, Маржан Исаева, Ғарифа Игісінова, Дулат Аханов (2006); Амангелді Қожамұратов, Жангелді Омаров, Гүлсім Арысбаев, Шолпан Матбуса, Ерлан Мұхамед, Айтгүл Бижігітова, Қолқанат Құдайбергенов, Аман Әбубәкірұлы (2007); Перизат Тұрарова, Назгүл Қилыбаева, Балдырған Төлегенов, Шәбә Оразхан, Әмірханов, Бейбіт Мұсаев, Армат Алдамжаров, Гүлден Жұмабай, Амангелді Күзеубай, Гүлнұр Салбанова, Медғат Манапов, Қаракөз Қоңқабаева, Лаура Жұмекеева, Гүлдана Серікова (2008); Гүлім Алшынова, Айгерім Нартуеева, Гүлжазира Бралина, Эльза Қарабалина, Досхан Одаманов, Жасұлан Базарбеков, Ербол Біләлов, Талғат Абуғазин, Шолпан Мұқашева, Думан Оралбай, Катя Төлепберген, Жанат Жолбаева (2009); Арай Асқап, Динара Көмекова, Данияр Түсжанов, Алтын Смасейтова, Алтын Тоқтағанова, Теміржан Мұратов (2010); Ермек Есқожаев, Аян Садуақасов, Данияр Сүлейменов, Қасиет Қамиев, Бейсенбек Төлеубаев, Марта Төлепберген, Уатқан Захан, Самал Өмірзақова, Ғалымжан Жолдасбай, Бекзат Абилдин, Айбек Қалыбаев, Төлеген Шакаримов, Бибігүл Сауытова, Назира Бейсенова (2011); Ерлан Даңғылбеков, Қаһарман Балымбетов, Жадыра Мүсірепова, Сәттіғали Нұрдәулетов, Есбол Шаңбаев, Құндыз Мақанова, Жақсыкелді Маясаров, Сәрсенбай Хасенов, Күнқожа Қайруллаев, Венера Қаржаубаева (2012); Рауан Абилбаев, Жұлдыз Сүндетқалиева, Ерназ Халықов, Лаура Мұханбетжанова, Назарбек Оразбеков, Илияс Шабекеев, Анар Қалымқашева, Ербол Қалмырзаев, Ғазиза Шаймаханова, Мәншүк Мұқанова (2013); Айнұр Омарова, Айзада Қазбекова, Әзімхан Баймағамбетов, Үміт Сатарова, Ақерке Оралханова, Жанаргүл Сәркенова, Ғазым Қабденов, Дана Абжалелова, Динара Шынарбаева, Гүлнәр Мұратбек, Нұрбек Асылбек, Жанқожа Аяпов, Қарлығаш Ибраева (2014); Әсет Ақдәулетов, Нұрым Асқанов, Темірбек Асқамбаев, Руслан Ақынбеков, Жайнагүл Әбдіманап, Әйгерім Әпенова, Шырайгүл Жарқын, Жасұлан Қасымов, Еркебұлан Карипов, Ерқанат Көшенов, Айдынгүл Сатен (2015); Абылай Амангелді, Алуа Қосанова, Елдос Жакеев, Рауан Ексілов, Мақпал Белгібай, Қайратбек Бектұрсын, Азат Дулатұлы, Ақбота Әмірбаева, Айсәуле Қайырғазина, Назгүл Муйтинова, Жасұлан Базарбаев, Нұрбек Жүзбенбетов (2016); Нұрболат Исаев, Гүлсезім Тазабек, Ақылбек Жаңабаев, Алдияр Нұралин, Фариза Жолдыбаева, Ғибрат Жұмағұлов, Гүлнар Ақмұрзаш, Нұрбол Мұхит, Салтанат Жантұрғанова, Айнұр Дәулетбаева, Нұршат Ақбаева (2017) сияқты екі жүзден аса түлектер бітіріп шықты.

         Кафедраның ең алғашқы түлектері Республикаға танымал әншілер Бекболат Тілеухан және Ержан Қосбармақов. 1997–2000 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі, Мәдениет комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған Бекболат Қанайұлы бүгінде өнерімен ел құрметіне бөленген қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ержан Әбутәліұлы бірнеше жылдар бойы Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін, Алматы облыстық филармониясын абыроймен басқарды. Қазақ дәстүрлі өнерін насихаттауда елдің құрметіне бөленген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова Атырау өнер академиясының ректоры, Тараз қаласында филармония директоры болды. Ал «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық Түркісой сыйлығының иегері Берік Жүсіпов Қызылорда облыстық мәдениет басқармасын басқарды, Мәдениет министрлігінде қызмет жасады, қазір Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры.

         Халық әні кафедрасының талантты түлектері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Эльмира Жаңабергенова, Айгүл Қосанова, Клара Төленбаева, Ербол Айтбаев, Ерлан Рысқали, Ақан Әбдуәлиев, Еркін Шүкіманов, Қарақат Әбілдина, Тоқтар Серіков, Ардақ Исатаеваның өнерлерін бүгінде дүйім ел біледі. Қазақ сахнасын ән-жырымен тербеген Елдос Еміл, Айгүл Мақашева, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Сержан Мұсайнов, Өмірқұл Айниязов, Тілеулес Құрманғалиев, Ырысты Сүлейенова, Қазыбек Әдікеев, Баян Нұрмышева, Шәбә Оразхан, Шолпан Даржанова, Нұржан Жанпейісов, Гүлмарс Аманбаева, Аманкелді Күзеубай, Перизат Тұрарова, Бейбіт Мұсаев, Гүлім Алшынова, Айгерім Нартуеева, Эльза Қарабалина, Жасұлан Базарбеков, Талғат Абуғазин, Арай Асқап, Марта Төлепберген, Бибігүл Сауытова, Есбол Шаңбаев, Нұрым Асханов, Жақсыкелді Маясаровтар осы кафедрадан шыққан таланттар. Халық әні кафедрасын тәмамдаған жүзге жуық шәкірт бүгінде Қазақстанның жоғары және орта оқу орындарында Халық әні кластарын ашып, ұстаздарының сара жолын жалғастыруда.

         Бүгінде кафедрада Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр өңірлерінің әншілік-жыршылық мектептері бойынша Ұ. Байбосынова, Е. Шүкіманов, А. Исатаева, Т. Құрманғалиев, Э. Қарабалина, А. Күзеубай, В. Қаржаубаева сияқты елімізге танымал ұстаздар дәріс береді. Сондай-ақ А. Ахатов, А. Қойшыбаев, С. Пазылов сияқты домбырашылар еңбек етеді. Әншілердің дауысын кәсіби деңгейде тәрбиелеу, ән айту кезіндегі дауыстың техникалық мүмкіндіктерін пайдаланудың қыры мен сырын меңгеру жолында етіп келе жатқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Р. Жұмаділованың жұмысын атап өтуіміз керек. Лекциялық пәндерден К. Хайруллаев, теориялық пәндерден А. Бердібай, Ә. Сабырова, Б. Бәбіжан сияқты мамандар дәріс жүргізеді.

         Кафедра ұстаздары тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде жыл сайын әртүрлі мерекелік кештер мен жеке концерттер, теледидар мен радио тораптары арқылы дәстүрлі ән өнері туралы хабарлар мен концерттік бағдарламаларға белсенді араласып, ұлттық өнердің жан-жақты насихатталуына өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, ұстаздар халықаралық симпозиумдар мен форумдарға қатысып, әртүрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап дәстүрлі ән өнерінің бүгіні мен болашағына және оның ғылыми зерттелу барысында тұшымды тұжырымдар жасауда.

         Ал кафедра түлектерінің арасында сахна, білім, ғылымды қатар ұштастырып, фольклортану, әдебиеттану, өнертану, тарих салаларынан күрделі еңбектер жазып жүрген, бірнеше жыл кафедра меңгерушісі және ұстаздық қызмет атқарған фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің есімін ерекше атауға болады. Ал Е. Қосбармақовтың құрастыруымен «Алатау алабында», А. Әбдуалиев пен М. Әбуғазының «Жетісу ақындарының жыр сарындары», М. Әбуғазы, Қ. Байбосынов, Қ. Тасбергеновтардың «Сарыарқа әндері», сонымен қатар Қ. Тасбергеновтың «Жақсыдан шапағат», М. Әбуғазының «Шығыстың шыңырау күйлері» атты еңбектері кафедра студенттерінің ән-күй өнері жайлы білім-білігін қалыптастыруға зор үлесін қосып келеді. Сонымен қатар Ұлжан Байбосынованың ғылыми еңбектері мен жалпы білім беретін орта мектептерінің «Музыка» пәніне арналған оқулықтары мен әдістемелік нұсқаулары әншілік пен жыршылық өнерді оқыту мен үйрету, сондай-ақ Аманкелді Күзеубай Балалар музыка мектебіне арнап Типтік оқу-бағдарламасы мен "Домбырамен ән салу" оқу-әдістемелік құралы республика бойынша негізгі оқу-құралына айналып отыр.

          Отыз жылдық тарихы бар кафедра 2017 жылдың сәуір айында ҚР халық әртісі, әнші Мәдениет Ешекеевтің 80 жылдығына арнап «Ұлттық музыка өнері: орындаушылық пен оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция 2017 жылдың желтоқсан айында кафедраның құрылуына 30-жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен "Ұлы дала рухы" атты Халықаралық дәстүрлі музыканттардың кешін өткізді. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасы қазақтың дәстүрлі ән өнерін үйрету, насихаттау және дамыту ісінде еліміздегі көшбасшы оқу орнына айналды.

 

Оқытушылар құрамы:

Күзеубай А.У. – кафедра меңгерушісі, доктор PhD, Мәдениет саласының үздігі
Абугазин Т.К. – оқытушы
Ахметова Аққалқа – оқытушы
Дүйсебаева А.Б.  – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Исатаева А.Б. – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент
Исламғалиев А. – оқытушы, Мәдениет саласының үздігі
Қайруллаев К.И.  – оқытушы, гуманитарлық ғылымдарының магистрі
Қаржаубаева В.Қ. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі
Құрманғалиев Т.Қ. – аға оқытушы
Қарабалина Э.Ж. – аға оқытушы, өнертану ғылымының магистрі, Мәдениет саласының үздігі
Қойшыбаев А.О. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі, Мәдениет саласының үздігі
Қосанова А.Ш. – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент
Стамғазы Р.Ө. – доцент, ҚР еңбек сіңірген артисі
Шүкіманов Е.Т. – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент
Бәбіжан Б. – аға оқытушы, философия докторы PhD, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Сәрсенов Р.Ғ. – оқытушы, Мәдениет саласының үздігі
Жанпейісова С.С. – доцент, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қадырбаева Қ.М. – оқытушы, өнертану ғылымының магистрі